Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қазақстандықтардың қандай мәселеде жиі шағымданатынын мәлімдеді

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қазақстандықтардың қандай мәселеде жиі шағымданатынын мәлімдеді

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі 2023 жылға арналған жұмыс қорытындысын шығарды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, оның өкілдеріне және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа жолданған өтініштер саны жылдан жылға артып отырғаны айтылды.

Өткен жылы 5 773 шағым мен өтініш түссе, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Бұл ретте 5,6 мың арыз-шағым қаралып, оның 3,6 мыңына тікелей түсініктемелер берілді, 800-і құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды, 838 өтініш бойынша арызданушылардың талаптары мен өтініштері қанағаттандырылды.

Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілінің көмегімен онкологиялық ауруларға шалдыққан азаматтарға 32,5 млн теңге сомасында әлеуметтік төлемдер қайтарылды, олар уақтылы берілмегендіктен бюджетке игерілмеген қаражат ретінде қайтарылуға жатады. Өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасы Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне онкологиялық дертке шалдыққан тұлғалардың тізімін ұсынып, аталған қаржы мақсатты жұмсалды.

Сонымен қатар, өтiнiштердi қарау нәтижесінде және өкiлдердiң өтiнiштерiмен 20 лауазымды тұлға қылмыстық, 51-i әкiмшiлiк, 211-i тәртiптiк жауапкершілікке тартылды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінде атап өтілгендей, арыз-шағымдардың негізгі бөлігін прокуратура мен ішкі істер органдары лауазымды тұлғаларының бейжайлығы мен әрекетсіздігі (22,4%), сондай-ақ сот шешімдерімен келіспеушілік (20,4%) сынды проблемалар құрайды. Ең өзекті сауалдар қатарында еңбек құқықтарын сақтау (5,1%), денсаулықты қорғау (3,4%) және кәмелетке толмағандардың құқықтарын (1,6%) сақтау мәселелері де бар.

«2023 жылы біз азаматтардың құқықтарын қорғау және жүзеге асыруға жәрдемдесу саласында үлкен жұмыс атқардық. Біздің күш-жігеріміз бен азаматтық қоғаммен белсенді өзара іс-қимылымыздың арқасында құқықтық ортаны жетілдіруде белгілі нәтижелерге қол жеткізілді, мұны көптеген оң істеріміз дәлелдейді. Біз, сондай-ақ халықты өз құқықтарынан хабардар ету деңгейін арттыруды мақсат етіп қойдық, осы бағытта облыстарда да, республикалық маңызы бар қалаларда да ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, өткен жылы 16 мыңнан астам адам құқықтық білім алды», – деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев.

Сонымен қатар, азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлері бойынша 150 шағым қаралды. Бұл ретте азаптау фактілері бойынша 148 қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалаудың алдын алу үшін тексеретін тәуелсіз орган – Ұлттық алдын алу тетігі жұмысының нәтижелері жарияланды.

Айталық, 2023 жылы жабық мекемелерге 493 профилактикалық тексеріс жүргізілді. Есептерді талдау нәтижелері бойынша 3 мыңнан астам ұсыныс жолданды, оның 33 пайызы орындалды, қалғаны орындалуда.

«Қазіргі уақытта азаптаулардың және басқа да қатыгез, ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалаудың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен полиция үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде бейнебақылау жүйесінің жұмыс істеу қағидалары бекітілді, қатыгездік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, - деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова.

Бұл ретте адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. Келесі бастамалар әзірленді: құқық қорғау қызметтеріне қол жеткізудің тең құқықтарын қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандардың ҰБТ тапсыру мүмкіндігін жеңілдету, экстрадициялау кезінде балама алдын алу шараларын қолдану, мемлекеттік құпияларды қамтитын істер бойынша адвокатты еркін таңдау құқығын бекіту, заң талаптарын сақтау, медициналық-әлеуметтік мекемелердің зейнетақы төлемдерін пайдалануы, некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау әрекетіне жазаны қатайту.