Қазақстандықтар Уәкілге өткен жылмен салыстырғанда 2 есе, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе жиі шағымданған

Қазақстандықтар Уәкілге өткен жылмен салыстырғанда 2 есе, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе жиі шағымданған

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық 2023 жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындысын шығарды, сондай-ақ азаматтардың бостандығын қалпына келтірудің маңызды жағдайларына тоқталды.

Орталық назар аударатын ең маңызды көрсеткіш – қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты шағым-өтініштер.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі 2023 жылы 4300-ден астам арыз-шағымдарды қабылдаған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе, 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Мұндай деректер омбудсмен институты жұмысының өзектілігін, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Адамдар мемлекеттік органдардың шешімдерімен келіспейтін әртүрлі проблемалары туралы жазады. Арыз-шағымдарды Ұлттық орталықтың өзі, сондай-ақ еліміздің әр өңірінде орналасқан Уәкілдің өкілдері қабылдайды.

«Өтініштердің ең көп пайызы Астана (10,6%), Алматы (9%) қалаларындағы, Қостанай (8%), Павлодар (8%) және Түркістан (7,7%) облыстарындағы өкілдіктерге түскен. Шағымдардың ең азы жаңадан құрылған Ұлытау (0,2%), Абай (0,4%) және Жетісу (0,7%) облыстарында тіркелді», - дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова.

Азаматтар арыз-шағымдармен қатар, жеке қабылдауларға да келе алады, осы жылдың өзінде 1600-ден астам тұрғын Уәкіл мен оның өкілдерінің қабылдауына жазылды.

Уәкілдің өкілдері азаматтарға көмек көрсетеді: оның ішінде кеңес береді, заңнама тұрғысынан әртүрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсіндіреді, әділетсіздік орын алған жағдайда министрліктерге, әкімдіктерге және басқа да мемлекеттік органдарға хабарласады.

Кездесуде шағым жасаған қазақстандықтардың құқықтары толық қалпына келтірілген, сәтті шешілген оқиғалар да жан-жақты сөз болды.

Солардың бірі азаптау жағдайымен байланысты. Полицейлердің азаптауына ұшыраған қала тұрғыны Уәкілдің астаналық өкіліне хабарласқан. Уәкілдің өкілі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауды қамтамасыз етті, содан кейін төрт полиция қызметкері кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Азаматтық құқықтарды табысты қорғаудың екінші оқиғасы Шығыс Қазақстан облысында орын алды. Ер адам «қаңтар оқиғасы» кезінде жасаған қылмысы үшін сотталған.

Гуманизм қағидатын басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 2 қарашада «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны белгілі. Ер адам осы заңды негізге алып, жазасын жеңілдету туралы сотқа жүгінген, бірақ құзырлы орган одан бас тартқан.

Алайда уәкілдің аймақтық өкілінің араласуынан кейін оның жаза мерзімі төрттен үшке қысқарды. Ер адам қазіргі таңда бостандыққа шықты.

Үшінші маңызды оқиға да Шығыс Қазақстан облысында орын алды, онда Уәкілдің жергілікті өкілі жергілікті экологтар жылдар бойы күресіп келе жатқан мәселемен бетпе-бет келді.

Ол облыс тұрғындарымен кездесуде Денсаулық сақтау министріне көпшілік алдында өзекті проблеманы жеткізді. Бұл Қазақстанда 2006 жылы алынып тасталған «Көмей күйігі» диагнозын қайтару керек дегенге саяды. Аталған диагноз тыныс алу жолдарына қоршаған ортадағы химиялық заттар әсер еткенде қойылады.

Министр мәселені шешуге уәде берді, содан кейін клиникалық хаттама әзірленіп, бекітілді.

Енді дәрігерлер ЖРВИ-ді ғана емес, жоғарыдағы диагнозды да қоя алады, ал экологиялық статистикамен жұмыс істейтін мамандар жергілікті өндірістерден «шығарындылар» нәтижесінде зардап шеккен азаматтардың санын анықтауға мүмкіндіктері бар.

Бір айта кетерлігі, облыс орталығында экология және оның зиянды салдарын емдеу мәселесі әлі де өзекті күйінде.

 

Айта кетейік, еліміздегі кез келген адам Адам құқықтары жөніндегі уәкілге хабарласа алады.

Өтінішті немесе арыз-шағымды жіберу үшін Сіз Уәкілдің ресми сайтына өтуіңіз керек:

www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman

Содан кейін сайттың төменгі оң жақ бұрышындағы «Барлық контактілер» бөліміне кіріп, «Сұраныс жазу» түймесін басыңыз. Сол кезде E-Otinish порталы ашылады. ЭСҚ кілтін пайдаланып EGOV порталы арқылы «Апелляцияны жіберу» түймесін басыңыз. Мемлекеттік ұйымды таңдаған кезде іздеу жүйесінде «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықты» таңдаңыз.