Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Ташкентте өткен «Цифрлық трансформация жағдайындағы адам құқықтары: заманауи тәсілдер» атты халықаралық конференцияға онлайн форматта қатысты.
Іс-шараны Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы ұйымдастырды. Оған Орталық Азия елдерінің, Ресейдің, Беларусьтің, Үндістанның, Италияның, Малайзияның, Катардың, Таиландтың, Иранның құқық қорғау институттарының, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция барысында дербес деректерді қорғау, кибербуллингке, зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің цифрлық түрлеріне қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында Артур Ластаев Қазақстанда цифрлық ортадағы адам құқықтарын қорғау бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол дербес деректерді қорғау құқығының Конституцияда бекітілгенін, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың құқықтық негіздерін белгілейтін Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылданғанын атап өтті.
«Біздің ортақ міндетіміз – технологиялардың адамды дамыту құралы болып қалуын, оның мүмкіндіктерін кеңейтуін, жаңа кедергілер мен қауіп-қатерлер туындатпауын қамтамасыз ету. Ол үшін заманауи заңнама, тиімді мемлекеттік институттар, цифрлық платформалар иелерінің жауапты ұстанымы, құқықтық сауаттылықты арттыру және халықаралық ынтымақтастық қажет», – деп атап өтті ол.