
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Омбудсмен жанындағы Сараптамалық кеңестің кезекті отырысын өткізіп, оның барысында «ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясына мүше мемлекеттердің пенитенциарлық жүйесіндегі әйелдердің құқықтарын қорғау туралы» тақырыптық баяндама қаралды.
Отырыс барысында ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясына мүше мемлекеттердегі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жүрген әйелдерді ұстау жағдайларын реттейтін халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнаманы кешенді салыстырмалы-құқықтық зерттеудің нәтижелері ұсынылды.
Отырысқа қатысушылар өңір мемлекеттерінің пенитенциарлық жүйелерін дамытудың қазіргі үрдістерін, халықаралық стандарттарды іс жүзінде іске асырудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ қылмыстық-атқару заңнамасы мен бас бостандығынан айыру орындарындағы әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды талқылады. Әйелдер қылмысының алдын алу, сотталған әйелдерді әлеуметтік оңалту және қайта әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс соңында Артур Ластаев Сарапшылық кеңес мүшелеріне белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау институттарын дамытуға және нығайтуға бағытталған Омбудсмен қызметін сарапшылық тұрғыдан сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті.