
Басылым Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың жалпы редакциясымен дайындалып, оған құқықтану, саясаттану және құқық қорғау қызметі саласындағы жетекші отандық ғалымдар мен сарапшылар – заң ғылымдарының докторы, профессор И.Ш. Борчашвили, саясат ғылымдарының докторы, профессор К.Ж. Нұғманова, құқықтану магистрі А.М. Умарова және басқа да мамандар қатысты.
Монография әйелдер құқықтарын қорғаудың негізгі аспектілерін халықаралық стандарттарды, ұлттық заңнаманы және олардың Қазақстандағы іске асырылу тәжірибесін салыстырмалы талдау арқылы барынша кешенді түрде қамтуға талпыныс жасалған ғылыми еңбек.
Зерттеу дәйекті, кезең-кезеңімен жүргізілген және жүйелі сипатқа ие болып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» (2024 жылғы 1 наурыз), «Шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру институттары туралы» (2025 жылғы 18 шілде) арнайы баяндамаларының, сондай-ақ БҰҰДБ жобасы аясында жүргізілген бас бостандығынан айыру орындарындағы әйелдерді ұстау жағдайларын жақсарту және сексуалдық әрі гендерлік негіздегі зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі зерттеудің (2024 жылғы 22 қараша) қисынды жалғасы болып табылады.
Құқық қорғау институтының алдыңғы ғылыми және қолданбалы еңбектерін ескеру әйелдер құқықтарын қорғау мәселелерін зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіру және халықаралық стандарттарды іске асыру мәселелерін өзара сабақтастыра отырып, неғұрлым кең ауқымда қарастыруға мүмкіндік берді.
Еңбекте әйелдер құқықтары саласындағы халықаралық және өңірлік стандарттар, осы институттың қызмет етуінің теориялық-құқықтық негіздері, халықаралық міндеттемелерді ұлттық заңнамаға имплементациялау тетіктері, сондай-ақ мемлекеттік гендерлік саясаттың даму үрдістері қарастырылған.
Монографияның жеке бір бөлімі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған. Біз зерттеуде қылмыстылықтың криминологиялық сипатын, виктимизация факторларын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істер бойынша сот және құқық қорғау практикасын талдап, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен зардап шеккендерді қорғаудың отандық және шетелдік тәсілдерін қарастыруға, сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту, зорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарды жасаған адамдарды қайта әлеуметтендіру және осы саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселелерін қамтуға тырыстық.
Сондай-ақ біз әйелдер құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау институттарының қызметін көрсетуге, олардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктерін зерделеуге, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қызметін зерттеуге және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етудегі жұмысын көрсетуге тырыстық.
Сонымен қатар гендерлік күн тәртібін ілгерілетудегі азаматтық қоғамның қатысуына қатысты жекелеген мәселелер, оның ішінде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл нысандары және әйелдер құқықтарын қорғаудағы азаматтық қатысу тетіктері қарастырылған. Әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз етудегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі бойынша эмпирикалық зерттеудің нәтижелері ұсынылып, сондай-ақ гендерлік саладағы мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының SWOT-талдауы жүргізілді.
Арнайы бөлімде әйелдердің экономикалық теңдігін қамтамасыз ету және мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері, оның ішінде еңбекақыдағы гендерлік алшақтық, экономикалық зорлық-зомбылық, еңбек саласындағы кемсітушілік, әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлігін қолдау, сондай-ақ тең экономикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің жекелеген халықаралық тәсілдері қарастырылған.
Бір тарауда бас бостандығынан айыру орындарында отырған әйелдердің құқықтарының сақталу мәселесі қарастырылған. Статистикалық деректерге, мониторинг нәтижелеріне және социологиялық зерттеулерге сүйене отырып, Қазақстан мен ТМД елдерінің пенитенциарлық жүйесіндегі әйелдердің жағдайын, оларды ұстау шарттарын, медициналық көмекке қолжетімділігін, әлеуметтік құқықтарының жүзеге асырылуын және ана құқығын қорғау мәселелерін талдауға талпыныс жасалды. Нәтижесінде осы саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге қатысты жекелеген ұсыныстар тұжырымдалды.
Сонымен қатар біз жұмыста әйелдердің цифрлық құқықтары мәселелерін, цифрлық трансформацияның адам құқықтарын іске асыруға әсерін, сондай-ақ киберқудалау, цифрлық қауіп-қатерлер, дербес деректердің таралуы және әйелдердің цифрлық ортада тап болатын өзге де тәуекелдерді қоса алғанда, онлайн зорлық-зомбылықтың жаңа түрлерін зерттеуге ұмтылдық.
Монографияда 2024–2026 жылдар аралығында жүргізілген социологиялық зерттеулердің нәтижелері ұсынылған. Олардың аясында Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыған 51 мыңнан астам респондент қатысқан ұлттық сауалнама ұйымдастырылды. Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған әйелдер және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер арасында арнайы зерттеулер жүргізілді. Алынған деректер негізінде өзекті мәселелерді, халықтың ақпараттану деңгейін, қолданыстағы қорғау тетіктерінің жұмыс істеу ерекшеліктерін және гендерлік теңдік мәселелеріне қатысты қоғамдық көзқарасты анықтауға талпыныс жасалды.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері бойынша әйелдер құқықтарын қорғау саласында тұрақты және сөзсіз оң динамика байқалады, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеуі, еңбекақыдағы гендерлік алшақтықтың қысқаруы, жәбірленушілерді оңалту және агрессорларды қайта әлеуметтендіру тетіктерінің дамуы, әйелдердің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде дамуы атап өтіледі. Сонымен қатар жекелеген құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді одан әрі жетілдіру үшін перспективалар бар. Сондықтан монографияда заңнаманы одан әрі жетілдіруге, әйелдер құқықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін нығайтуға, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға және мемлекеттік гендерлік саясатты іске асыруға азаматтық қоғамның қатысуын кеңейтуге бағытталған ұсыныстар кешені тұжырымдалған.