Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы

Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің (ҮК) кеңейтілген отырысы өтіп, оған ҮК қазіргі және жаңадан сайланған мүшелері, сондай-ақ Омбудсменнің өңірлердегі өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев кеңестің жаңадан сайланған мүшелеріне жұмыстың негізгі қағидаттарын түсіндіріп, оларды осы консультативтік-кеңесші орган мен Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық базаны зерделеуге шақырды. Сондай-ақ ол кеңестің қазіргі мүшелеріне жаңа қатысушылардың құқықтық актілерді меңгеруіне жан-жақты қолдау көрсетуді және олар үшін жуық арада оқыту вебинарларын ұйымдастыруды тапсырды.

Артур Ластаев өзінің өңірлердегі өкілдеріне ҮК мүшелерімен тығыз өзара іс-қимыл орнатуды тапсырды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі – ҰАТ қатысушыларының қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші орган.

ҰАТ азаптаулардың және өзге де қатыгез қарым-қатынас түрлерінің алдын алу миссиясын жүзеге асырады. Осы мақсатта оның қатысушылары қоғамнан оқшаулау және бас бостандығынан айыру орындарына, мәжбүрлеп емдеу ұйымдарына, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге алдын алу мақсатындағы барулар жүзеге асырады.