Мемлекеттік қызметші күні ұлттық құқық қорғау орталығында аталып өтті

Мемлекеттік қызметші күні ұлттық құқық қорғау орталығында аталып өтті

Мемлекеттік қызметші күніне орай Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта салтанатты іс-шара өтті.

Орталық басшысы Динара Таженова ұжымды мерекемен құттықтай отырып, мемлекеттік қызметтің Қазақстанның стратегиялық даму мақсаттарын іске асырудағы берік негіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне адалдығы елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды факторларының бірі болып табылады. Сондай-ақ әділетті мемлекет қағидаттарын, заң үстемдігін және мемлекеттік басқару тиімділігін одан әрі нығайтуға бағытталған конституциялық реформалардың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Динара Таженова Мемлекеттік қызметші күні елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңін бастап берген әрі азаматтардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудегі мемлекеттік институттардың рөлін күшейткен жаңа Конституцияның күшіне енуі қарсаңында аталып өтуінің символдық мәні бар екенін де атап өтті.

Ол құқық қорғау орталығының қызметкерлеріне күнделікті еңбегі, бастамашылдығы, байыпты шешім қабылдай білуі және қоғамға қызмет етуге деген ұмтылысы үшін алғысын білдірді.

Іс-шара аясында құқық қорғау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі мен 31 жылдық мінсіз қызметі үшін Шымкент қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Нұржан Әбдезов «Үздік мемлекет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Жоғары көрсеткіштері мен қызметтік борышына адалдығы үшін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Динара Абдрахманова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар Орталықтың жас мемлекеттік қызметшілерінің ата-аналары алғыс хаттармен марапатталды.