
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ұлттық құқық қорғау мекемелерінің, мемлекеттік органдарының және өзге де ұйымдарының бірінші консультативтік кездесуіне қатысты.
Іс-шара Қырғыз Республикасының 2025–2026 жылдардағы ШЫҰ төрағалығы аясында Қырғыз Республикасының Ақыйкатчысының (Омбудсменінің) бастамасымен ұйымдастырылды.
Оған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан және Иран өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ұлттық құқық қорғау мекемелерінің құқықтық негіздері мен мандаттарына қатысты мәселелер, олардың қызметінің басым бағыттары талқыланды, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу өтті, сондай-ақ тұрақты өзара іс-қимыл мен кәсіби диалогты дамыту перспективалары қарастырылды.
Іс-шара барысында Артур Ластаев ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, тәжірибе мен ақпарат алмасудың тиімді тетіктерін дамыту қажеттігін ерекше айтты.
«ШЫҰ мүше мемлекеттердің ұлттық құқық қорғау мекемелерінің алғашқы консультативтік кездесуі кәсіби диалогты дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға жақсы мүмкіндіктер жасайды. Тәжірибе, үздік тәжірибелермен тұрақты алмасу және бірлескен жұмыс өңірдегі адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін. Өз тарапынан Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау мүддесінде одан әрі сындарлы өзара іс-қимылға және әріптестікті нығайтуға дайын екенін растайды», – деді ол.
Кездесуге қатысушылар консультативтік кездесулерді тұрақты түрде жалғастыруға және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.