Омбудсмен Үйлестіру кеңесінің жаңадан сайланған мүшелерін құттықтайды

Омбудсмен Үйлестіру кеңесінің жаңадан сайланған мүшелерін құттықтайды

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің (ҮК) жаңадан сайланған мүшелерін құттықтап, оларға адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және ілгерілету ісінде табысты әрі жемісті жұмыс тілейді.

Артур Ластаев Үйлестіру кеңесінің ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушыларының қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ететін алаң ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа мүшелердің кәсібилігі, құзыреттілігі және белсенді азаматтық ұстанымы қоғамдық диалог тетіктерін нығайтуға әрі құқық қорғау қызметін жетілдіруге ықпал етеді.

Тәжірибе көрсеткендей, ҮК үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін әр өңірден кемінде 3 кандидат болуы қажет, бұл кеңес мүшесі еңбек демалысына шыққан, сырқаттанған немесе өз өкілеттігін тоқтатқан жағдайда оны алмастыру мүмкіндігін береді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі 10 сәуірде ҮК құрамына кандидаттарды іріктеу туралы хабарлады. Жинақталған тәжірибені (өткен жылдары кандидаттарды пассивті ұсынуды) ескере отырып, хабарландыру жарияланғаннан кейін өңірлік өкілдер жергілікті жерлердегі әртүрлі сараптамалық қауымдастықтарда белсенді үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде бір ай өткен соң бұрын-соңды болмаған көлемде – 100-ден астам өтінім түсті. Бұл қоғамның аталған институтқа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Тағы бір айдан кейін ҮК мүшелерін сайлау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша оның құрамына қосымша 44 адам сайланды.

Қазақстандағы ҰАТ «Омбудсмен+» моделі негізінде жұмыс істейді, ол Омбудсмен институтының үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп ҰАТ қызметін үйлестіруін көздейді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанында ҰАТ қызметін тиімді үйлестіру мақсатында консультативтік-кеңесші орган – Үйлестіру кеңесі құрылды, ол Азаптаудың алдын алу жөніндегі кіші комитетпен өзара іс-қимыл жасайды, ҰАТ қатысушыларын іріктейді, өңірлік топтарды құрып, олардың басшыларын тағайындайды, бару жоспарларын айқындайды, барулар туралы есептерді қабылдайды, ҰАТ жиынтық баяндамасын дайындайды, сондай-ақ Омбудсмен мандатын ҰАТ шеңберінде іске асыруға өзге де тәсілдермен жәрдемдеседі.

Үйлестіру кеңесі мүшелерін сайлау тәртібі Үйлестіру кеңесі мүшелерін сайлау жөніндегі комиссия туралы Ережемен реттеледі. Аталған Комиссияның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының көшбасшылары, беделді халықаралық ұйымдар мен заңгерлік қауымдастықтың өкілдері, Парламент депутаттары және т.б. кіреді.

Айта кету маңызды, ҮК құрамына тек азаматтық қоғам өкілдері ғана кіреді, ал оның ең жоғары тиімділігін дәстүрлі түрде қоғамдық белсенділер, белсенді азаматтар, салалық мамандар мен сарапшылар көрсетеді.

Өз кезегінде ҰАТ қатысушылары қоғамдық бақылау комиссиялары мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелерінен, заңгерлерден, әлеуметтік қызметкерлерден және дәрігерлерден сайланады. ҰАТ қатысушылары өңірлік топтарға бөлінеді.

Қолда бар тәжірибе ҰАТ моделінің тиімділігін көрсетеді, ол мекемелердегі құқық бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ маңыздысы, нақты, негізделген және өзекті ұсынымдар әзірлеуге жағдай жасайды.