Эльвира Әзімова ҚР ОСК жанындағы жұмыс тобының онлайн-отырысына қатысты

Эльвира Әзімова ҚР ОСК жанындағы жұмыс тобының онлайн-отырысына қатысты

2020 жылдың 13 қараша күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы және "мүгедек адамдардың қоғамның саяси және қоғамдық өміріне қатысуы" тақырыбына дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны Орталық сайлау комиссиясы "Шырақ" мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығымен және Нұр-сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен бірлесіп өткізді. Отырысқа ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Сүлеймен Үсен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Ерлан Әукенов қатысты.

Іс – шараның мақсаты-мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясының мүгедектігі бар адамдардың саяси және қоғамдық қатысуы бөлігіндегі негізгі қағидаттары, мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша Ортсайлауком жүргізген жұмыс, мүгедектігі бар адамдардың саяси қатысуы саласындағы ЕҚЫҰ стандарттары, Қазақстан Республикасы Парламентінің инклюзивтілігі мен қолжетімділігі бойынша базалық зерттеу нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттің, ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдардың осы бағыттағы бірлескен жұмысы туралы қалың жұртшылықты хабардар ету.

"Бұл адамдар да басқа азаматтар секілді және де конституциялық тұрғыдан да қарастырылған... тек оларға сәл көмектесуіміз керек ", - деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы отырысының және дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің, талдау орталықтарының өкілдері, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

ҚР ОСК жанындағы мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы отырысының және дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша мүгедек адамдардың қоғамның саяси және қоғамдық өміріне қатысуын ынталандыратын және жәрдемдесетін құрал болуға арналған қарар қабылданды.