
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисінің өкілдері Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Акмал Саидовпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйелерін дамыту, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау тетіктері аясындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстандық тарап биылғы жылдың наурыз айында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерін таныстырып, елде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалар туралы ақпарат берді.
Акмал Саидов Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, жаңа Конституция «қазақ халқының ұлттық құқықтық бірегейлігін» айқындайтынын және халықаралық стандарттар мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттілік пен құқықтық жүйенің өзіндік моделін дамытуға ұмтылысын көрсететінін атап өтті.