
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев БҰҰ-ның Даму құқығы мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау және ілгерілету мәселелерін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан конституциялық және институционалдық реформалар аясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің ұлттық тетіктерін дамыту мәселелерін талқылады.
Артур Ластаев БҰҰ Арнайы баяндамашысын Омбудсмен институтын нығайту, азаматтардың өтініштерін қарау тетіктерін жетілдіру және азаптаудың алдын алу жөніндегі Ұлттық превентивтік тетіктің қызметін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Азаматтардың құқықтық қорғау тетіктеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету, азаматтық қоғаммен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сурья Дева Қазақстанда адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтық қоғаммен диалогты дамытуға және ұлттық құқық қорғау институтының рөлін арттыруға бағытталған реформаларға оң баға берді.
Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының тетіктерімен өзара іс-қимыл шеңберінде одан әрі сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.