Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің азаптауға және қатыгез қарым-қатынасқа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндамасы жарияланды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің азаптауға және қатыгез қарым-қатынасқа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндамасы жарияланды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің азаптауға, сондай-ақ қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазаға қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндамасы жарияланды.

Азаптауға мүлдем жол бермеу – қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаты болып табылады, ол әлемнің барлық елдері үшін өзекті және негізгі халықаралық құжаттарда бекітілген. Сондықтан бұл жағымсыз құбылысқа қарсы іс-қимыл құқық қорғау институтының қызметіндегі басым бағыт болып қала береді.

Жарияланған арнайы баяндамада атап өтілгендей, Қазақстан азаптаудың алдын алу жүйесін дамытуда айтарлықтай жолдан өтті: халықаралық органдардың негізгі ұсынымдары іске асырылды, Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) құрылып, тиімді жұмыс істеп келеді, заңнама мен институционалдық тетіктер жетілдірілді. Шетелдік тәжірибені талдау қабылданған шаралардың елімізге азаптауға қарсы іс-қимыл жүйесінде лайықты орын алуға мүмкіндік бергенін көрсетті.

Азаптауды жасағандар ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен құтыла алмайды, татуласу мүмкіндігі қолданылмайды, оларға рақымшылық та, шартты түрде мерзімінен бұрын босату да қолданылмайды, олар тек нақты бас бостандығынан айыру жазасына ғана, шартты түрде емес, сотталады. Мұның бәрі азаптауға қатысты «нөлдік төзімділік» саясатының жүргізіліп отырғанын растайды.

Пенитенциарлық жүйедегі корпоративтік ынтымақтастықты болдырмау үшін азаптау істерін тергеу прокуратураға берілді, ал сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелді. Барлық түрмелерде жаппай бейнебақылау енгізілді, оған нақты уақыт режимінде тек ІІМ ғана емес, сондай-ақ қадағалау органы да қол жеткізе алады. Барлық мекемелерде шағым беруге арналған терминалдар орнатылған, олар қазір жаңғыртудың кезекті кезеңінен өтуде.

Азаптаудың алдын алуды күшейтуде Омбудсмен өкілдерінің пайда болуы айтарлықтай рөл атқарды. Егер ҰАТ қатысушылары жыл сайын 400-ден астам жабық мекемені мониторингтен өткізсе, онда өңірлік өкілдер екі есе көп мекемені қамтиды. Уәкіл айына орта есеппен бір мекемеге жеке өзі барады.

Азаптаулар үшін жазаның бұлтартпастық қағидатын іске асыру бастапқы кезеңде жауапкершілікке тартылғандар санының күрт өсуіне әкелді: тек 2023 жылы ғана азаптағаны үшін алдыңғы екі жылдағы көрсеткіштердің жиынтығынан екі есе көп адам сотталды.

Жауапкершілікті күшейтудің профилактикалық әсері уақыт өте келе жалпы жағдайға ықпал етті: 2025 жылы елде азаптау фактілерін тіркеу алдыңғы жылмен салыстырғанда 61%-ға азайды, тоқтатылған істер саны 2,5 есе қысқарды, ал сотталғандар саны екі есеге төмендеді.

Арнайы баяндамада халықаралық стандарттарға, ұлттық заңнамаға, сот-тергеу тәжірибесіне, сондай-ақ қатыгез қарым-қатынас фактілерінің алдын алу, анықтау және тергеу тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізілген.

Азаптаудың алдын алу саласындағы жағдайдың елеулі түрде өзгеруіне қарамастан, Уәкіл институты мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге, институционалдық кепілдіктерді күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірледі.