
Қазақстан Республикасының «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңына сәйкес Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушыларының біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Превентивтік барулардың сапасын арттыру және есептік құжаттарды дайындау дағдыларын жетілдіру мақсатында ҰАТ қатысушылары үшін тұрақты негізде вебинарлар топтамасы ұйымдастырылған. Оқытудың негізгі мақсаты – қатысушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту, мониторинг жүргізудің бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету, сондай-ақ жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарын қорғау тиімділігін арттыру.
Оқыту іс-шаралары апта сайын, әр бейсенбі күні тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі таңда 14 онлайн-сессия өткізілді, оқу циклін аяқтауға дейін тағы 4 вебинар жоспарланған.
Вебинарлар аясында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелері оқыту презентациясымен сөз сөйлеп, практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, ҰАТ қызметінің негізгі аспектілерін түсіндіреді.
Оқыту сессияларын өткізуге бейінді сарапшылар мен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері тартылуда.
Жүргізіліп жатқан білім беру жұмысы ҰАТ қызметінің сапасын арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және жабық үлгідегі мекемелерде адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.