Уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі жетім баланың тұрғын үйге құқығын қорғауға жәрдем көрсетті

Уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі жетім баланың тұрғын үйге құқығын қорғауға жәрдем көрсетті

Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкіліне азаматша Б.-дан мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өтініш келіп түсті.

Өкіл тарапынан өтінішті қарау аясында прокуратура органдарына және жергілікті атқарушы органдарға тиісті сұрау салулар жолданды.

Тексеру нәтижелері бойынша өтініш берушінің 2014 жылдан бастап облыстың аудандарының бірінде «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрғаны анықталды. Сонымен қатар,                 2023 жылы уәкілетті орган тарапынан ол басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшуіне байланысты есептен шығарылған.

Сондай-ақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды оларды тұрғын үймен нақты қамтамасыз еткенге дейін есептен шығаруға тыйым салынған.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша өтініш берушіні мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне бастапқы есепке қойылған күнін сақтай отырып қайта қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды.

Өкілдің ұсынымы мен өтінішхаты негізінде жергілікті атқарушы орган аталған санат бойынша кезекте тұрғандардың тізіміне ықтимал ұқсас бұзушылықтарды анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізді. Аталған өтінішті қарау барысында анықталған фактілер бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.