Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Ғылыми комиссияның отырысы

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Ғылыми комиссияның отырысы

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Ғылыми комиссияның отырысын өткізді, онда әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі монография жобасы, сондай-ақ Омбудсменнің сот ісін жүргізуге қатысу мәселелері бойынша ұсыныстар талқыланды.

Талқылау қорытындысы бойынша рецензенттердің ескертпелерін қарастыра отырып, монографияны әзірлеуді жалғастыру, сондай-ақ Уәкілдің процестік мәртебесін реттейтін заң жобасының тұжырымдамасын пысықтау туралы шешім қабылданды.

Отырыс аясында ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының Құрмет грамотасымен қазақстандық тәжірибелі заңгер Мамырбаев Рахимбек Нұрмұхаметұлы марапатталды. Жоғары марапат оның белсенді қызметі, кәсібилігі және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін табысталды.

Сонымен қатар, Ғылыми комиссияның құрамына жаңа мүшелер ретінде Ақтаева Лязат Мейрашқызы және Мамырбаев Рахимбек Нұрмұхаметұлы енгізілді.

Қорытындылай келе, Артур Ластаев Ғылыми комиссия мүшелеріне белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, Қазақстандағы құқық қорғау тетіктерін дамыту мен нығайтуға бағытталған Омбудсмен институты қызметін ғылыми-сараптамалық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Ғылыми комиссия Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін ғылыми және сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында құрылған тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.