Артур Ластаев: Волонтерлік – жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, конституциялық құндылық

Артур Ластаев: Волонтерлік – жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, конституциялық құндылық

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Волонтерлікті дамытудың конституциялық негіздері. Оның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институты және «Акселератор добра: Iзгiлiк Елшiсi» ұлттық волонтерлер қозғалысының ұйымдастыруымен өтті. Оның мақсаты – жаңа Конституция жобасының ережелерін түсіндіру, сондай-ақ студент жастар арасында, оның ішінде құқықтық бағыттағы волонтерліктің әлеуетін дамыту.

Артур Ластаев өз сөзінде 15 наурызда республикалық референдумға шығарылатын Ата Заң жобасында көзделген адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері туралы айтты.

Омбудсмен Конституция жобасының 31-бабында алғаш рет бекітілген волонтерлік туралы нормаға жеке тоқталды. «Бұл жай ғана символикалық шешім емес, бұл – волонтерліктің жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, конституциялық құндылық екенінің айқын белгісі. Еріктілік қызметі мемлекет тарапынан азаматтық қоғамның өзге институттарымен тең дәрежеде маңызды деп танылады», – деп атап өтті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Осы норманы Конституцияда бекіту арқылы Қазақстан волонтерлікті қолдауға және мұндай қызметті негізсіз шектеуге тыйым салуға міндеттенеді.