Омбудсмен құқық қорғау ісіндегі сарапшылардың үлесін атап өтті

Омбудсмен құқық қорғау ісіндегі сарапшылардың үлесін атап өтті

Астанада Халықаралық адам құқықтары күні қарсаңында азаматтардың құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан тұлғаларды, сондай-ақ азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының белсенді өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.

Адам құқықтары бойынша уәкіл Артур Ластаев алғыс хаттар табыстап, марапатталғандардың құқық қорғау институтын дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

Марапаттау рәсімі «Адам құқықтары және қылмыстық-атқару жүйесін дамыту: ұлттық басымдықтар мен халықаралық стандарттар» атты ғылыми-практикалық конференция аясында өткізілді.

«Қазіргі жаһандық үрдістер мен трансформациялар қылмыстық-атқару жүйесіне жаңа сын-қатерлер тудырып отыр. Біз қауіпсіздік, гуманизм және мемлекеттің адам құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлінің қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бүгінгі тақырыбымыздың өзектілігі ерекше.

Азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар және ғылыми қауымдастық өкілдерінің ұсынған идеялары ерекше маңызды. Сіздің ұсыныстарыңыз бен пікілеріңіз қазіргі механизмдердің тиімділігін кешенді бағалауға және алдағы даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді», – деді Артур Ластаев.