2025 жылға арналған Ұлттық алдын алу тетігі жұмысының қорытындысы бойынша Консолидатталған баяндама таныстырылды

2025 жылға арналған Ұлттық алдын алу тетігі жұмысының қорытындысы бойынша Консолидатталған баяндама таныстырылды

Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияның қабылданған күніне орай Астана қаласында 10 желтоқсан күні өткізілген «Адам құқықтары және пенитенциарлық жүйенің дамуы: ұлттық басымдықтар мен халықаралық стандарттар» атты ғылыми-практикалық конференция барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушыларының 2025 жылға арналған Консолидатталған баяндаманың жобасын таныстырды.

Консолидатталған баяндама жобасы Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қорғаныс министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінің қатысуымен талқыланып, Үйлестіру кеңесі тарапынан алдын ала мақұлданды.

Ағылшын тіліне аударылғаннан кейін Консолидатталған баяндама БҰҰ-ның азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жат немесе қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалаудың алдын алу жөніндегі кіші комитетіне ақпарат ретінде, сондай-ақ ондағы ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік органдарға жолданады.

Консолидатталған баяндама – бұл қылмыстық-атқару жүйесінің жабық мекемелері, қабылдау-тарату орындары, тергеу изоляторлары, уақытша ұстау изоляторлары, гауптвахттар, арнайы қабылдағыштар, денсаулық сақтау ұйымдары, арнайы әлеуметтік көмек көрсету орындары, балалар мекемелері сияқты нысандарға бару нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жүргізілетін жыл сайынғы кешенді талдау.