
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні мен Адам құқықтары күніне арналған дөңгелек үстел жұмысына қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі ұйымдастырды.
Өз сөзінде Омбудсмен: «сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылық пен адам құқықтарын қорғаудың тоғысқан жерінде қоғамның мемлекетке және оның институттарына деген сенімінің іргетасы қаланады», – деп атап өтті.
Артур Ластаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық адамның табиғи құқықтарына тікелей ықпал етеді. Заңсыз шешімдер, негізсіз артықшылықтар беру, әділдікті «сатып алу» мүмкіндігі азаматтарды ең негізгі, яғни әділ сотқа, теңдікке, бостандыққа, жеке басына қол сұғылмаушылыққа, білім мен денсаулыққа қол жеткізу құқықтарынан айырады.
Сонымен қатар Уәкіл сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзі де адам құқықтарының жоғары стандарттарына сәйкес болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. «Мемлекеттің күші - қаталдықта емес, әділдікте. Антикоррупциялық саясат адам құқықтарына сүйеніп қана қоймай, оларды қорғай білуі керек», – деді ол.