
Мемлекет басшысының цифрландыруды жеделдету жөніндегі тапсырмасына сай, Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) жұмысына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Уәкіл аппараты БҰҰ Даму бағдарламасы және Еуропа кеңесімен бірлесіп, «Ұлттық алдын алу тетігі» ақпараттық жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда «ҰАТ» ақпараттық жүйесіне талдамалық функциясын енгізу аяқталуға жақын.
ҰАТ қатысушыларымен бірге Уәкілдің барлық өңірлік өкілдері де жүйеге қосылды. Енді олардың жүргізген барлық жұмыстары, соның ішінде Омбудсменнің мониторингтік сапарлары да электронды түрде тіркеліп отырады.
Ақпараттық жүйенің жаңартылуы ҰАТ-ның, Омбудсмен институтының және өңірлік өкілдердің қызметін жеңілдетіп, тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.