
12 қараша күні Әзірбайжанның Баку қаласында «Қазіргі құқықтық жүйелердегі Конституция және заң үстемдігі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шараға бірнеше мемлекеттердің мемлекеттік органдары, адам құқықтары жөніндегі институттары және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Аталмыш конференцияда Қазақстан Республикасының атынан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл - Артур Ластаев сөз сөйледі. Ол жаһандық өзгерістер жағдайында конституциялық құндылықтардың рөлі туралы диалогтың өзектілігін ерекше атап өтті.
«Қазіргі мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, Конституция тек құқықтық құжат қана емес. Ол – халықтың еркін білдіретін, саяси тұрақтылық пен мемлекеттің кемелдігінің негізі», – деді Артур Ластаев.
Сондай-ақ ол 2022 жылғы конституциялық реформа туралы айтып өтті. Реформа нәтижесінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты Конституциялық мәртебеге ие болды.
«2022 жылғы реформа – Негізгі заң нормаларының өзгеруімен шектелмей, мемлекеттік басқару моделін жаңартуға жол ашты. Заңдылық, ашықтық, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы және адамның қадір-қасиетіне құрмет – реформаның негізгі қағидаттарына айналды», – деді Омбудсмен.
Артур Ластаев Қазақстанның құқықтық мемлекетті нығайту және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын да атап өтті. Сонымен қатар ол цифрлық трансформацияның конституциялық кепілдіктерге әсеріне назар аударудың маңыздылығын көрсетті.