
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеушілерімен бірлесе дайындалған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының қызметкері, Ph.D, қауымдастырылған профессор А. Сыздықовтың ғылыми мақаласы халықаралық Journal of Human Rights and Social Work журналында жарық көрді.
Зерттеу жұмысы ұлттық құқық қорғау институттарының (ҰҚҚИ) адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі орны мен қызмет ету ерекшеліктеріне арналған. Авторлар халықаралық және өңірлік деңгейдегі ҰҚҚИ рөлін талдап, әлемнің дамыған елдері мен Орталық Азия мемлекеттеріндегі институционалдық модельдерді салыстырмалы түрде зерттеген.
Мақалада бірқатар елдердің озық тәжірибелері қарастырылған. Мысалы, Данияның Адам құқықтары институты адам құқықтарына әсерді бағалау әдістемесін әзірлеген, Австралияның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы жеке шағымдарды қарау тетігін енгізген, ал Германия институты корпоративтік сектордағы құқықтардың сақталуын жүйелі түрде мониторингтеуде.
Зерттеу нәтижелері Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің институты халықаралық деңгейде беделге ие екенін және жаһандық құқық қорғау стандарттарының дамуына үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Journal of Human Rights and Social Work журналы Springer Science+Business Media (Швейцария) баспасынан шығады және Scopus, ESCI/Web of Science, Dimensions, EBSCO, ProQuest, Google Scholar, CNKI, eLibrary.ru, Baidu, Naver, Wanfang және басқа да жетекші ғылыми дерекқорларда индекстелген.
Журнал Scopus/Web of Science базасында ең жоғары квартиль – Q1 санатына кіреді.
Редколлегия мен сарапшылар құрамына АҚШ, Канада, Үндістан, Испания, Зимбабве, Израиль, Словения, Австралия, ОАР, Бельгия, Барбадос, Бразилия, Уганда сияқты елдердің белгілі ғалымдары мен мамандары енген.