
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қарағанды облысындағы орта қауіпсіздік деңгейіндегі №34 мекемеге барды.
Сапардың мақсаты – сотталғандардың құқықтарының сақталуын және олардың ұсталуының жағдайын халықаралық актілерде бекітілген ең төменгі стандарттарға сәйкестігін мониторингтеу.
Омбудсмен мекемеге бару барысында сотталғандардың тамақтануын ұйымдастыру, медициналық қамтамасыз етілу және еңбектік қамтылу жағдайларымен танысты. Сондай-ақ ол сотталғандардың отрядтардағы тұрмыс жағдайымен, шағым беруге арналған терминалдардың жұмысымен де танысты.
Сапар аясында Уәкіл сотталғандарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Негізінен сұрақтар шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру мәселелеріне қатысты болды.
Сапар қорытындысы бойынша Омбудсмен сотталғандардың ұсталуының жағдайын халықаралық жазаны орындау ережелеріне сәйкестендіруге және мекемелердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар берді.