
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев сотталғандардың құқықтарының сақталуын және ұсталуының жағдайын бақылау мақсатында Қарағанды облысындағы орта қауіпсіздік деңгейіндегі №35 мекемеге барды.
Сапар барысында Омбудсмен сотталғандардың тамақтану сапасымен, медициналық қызмет көрсету және еңбектік қамтылу жағдайымен танысты.
Мекеме әкімшілігінің айтуынша, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін бизнес өкілдерін тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Артур Ластаев сотталғандардың отрядтардағы тұрмыс жағдайымен, шағым беруге арналған терминалдардың жұмысымен де танысты.
Сапар аясында Уәкіл сотталғандарды жеке қабылдады. Көптеген сұрақтар шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, сондай-ақ кездесулерді ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне қатысты болды. Көтерілген барлық мәселелер бойынша Артур Ластаев жан-жақты түсініктеме берді.
Омбудсмен мен оның кеңсе қызметкерлерінің түзету мекемелеріне шығу сапарлары тұрақты түрде жүргізіледі.