Қазақстан өлім жазасын толық жою жолында

Қазақстан өлім жазасын толық жою жолында

2020 жылғы 9 қазанда Нұр-Сұлтанда Еуропалық Одақтың (ЕО) Қазақстан Республикасындағы өкілдігі және Қазақстан Республикасындағы Германия Елшілігі дүниежүзілік және Еуропалық өлім жазасына қарсы күрес күніне орай сараптамалық пікірталас ұйымдастырды. Бүкіл әлемде бұл күн жыл сайын 10 қазанда атап өтіледі.

Сараптамалық кездесуге Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев, Нұр-сұлтан қаласының судьясы Дания Қисықова, азаматтық қоғам ұйымдарының басшылары Жеміс Тұрмағамбетова ("Адам құқықтары үшін Хартия") және Евгений Жовтис (Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро), Орталық Азиядағы Penal Reform International (PRI) өкілдігі бағдарламаларының өңірлік менеджері Жанна Назарова және КАЗГЮУ университетінің ректоры, профессор Сергей Пен қатысты. Іс-шараға ЕО-ға мүше мемлекеттердің және Қазақстанда аккредиттелген басқа да елдердің елшіліктерінің, азаматтық қоғамның, ғылыми топтардың өкілдері және студенттер қатысты.

Пікірталасқа қатысушылар өлім жазасын жоюдың саяси, әлеуметтік және құқықтық аспектілерін талқылады. "Өлім жазасын жаһандық жою мәселесі ЕО-ға мүше барлық елдер арасында осы мәселе бойынша берік консенсусқа ие және өлім жазасын қолдануға мораторий тұжырымдамасын құрметтейтін Еуропалық Одақтың (ЕО) басымдықтар жүйесінде басты орын алады", - деп атап өтті Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Свен-Олов Карлссон мырза. Д-р Тило Клиннер, Германияның Қазақстандағы Елшісі Қазақстанды өмір сүру құқығын бұзатын қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза болып табылатын өлім жазасын толық жою жолындағы прогресімен құттықтады. Испанияның Қазақстандағы елшісі Давид Карриедо 10 жыл бұрын Испания өлім жазасына қарсы халықаралық комиссия құруға бастамашы болғанын еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Нью-Йорктегі БҰҰ Штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қою рәсімі өтті. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияға ерікті жарна үлесін едәуір ұлғайтты.

Барлық қатысушылар өмір бойы бас бостандығынан айыру лайықты балама деп келісті. Қазақстанда қолданылып жүрген өлім жазасына мораторий қоғамды құқық пен адамгершілік рухында дамытудың қажетті шарты болып табылады. Құқық қорғаушылар өлім жазасы жазаның қайтымсыз шарасы болып табылатындығын және сот қателігі мен оны түзету мүмкін еместігі қаупі болған кезде мемлекеттің адамды өмір сүру мүмкіндігінен айыруға құқығы жоқ екенін атап өтті.

Ескерту: қазіргі уақытта 141 азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды; 26 азамат өлім жазасына кесілді, алайда қолданыстағы мораторийге байланысты жазаны орындау тоқтатылды.