Қазақстан мен Ресей омбудсмендері адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Ресей омбудсмендері адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты талқылады

24 қазан күні Мәскеуде Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев пен Ресей Федерациясының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова арасында жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің құқық қорғау институттарының өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Артур Ластаев пен Татьяна Москалькова ашықтық, заңдылық және өзара құрмет қағидаттарына негізделген ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, олар алдағы уақытта өзара әріптестікті тереңдетуге, бірлескен іс-шаралар өткізуге, ақпарат алмасуға және трансшекаралық жағдайларда азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша күш-жігерді үйлестіруге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің омбудсмен аппараттары арасында тұрақты диалог орнатып, азаматтардың мүддесіне қатысты гуманитарлық мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.