
Мәскеуде «Қиын қолжетімді, шалғай және ауылдық өңірлер тұрғындарының құқықтарын қорғау» тақырыбында өткен Еуразиялық омбудсмендер қауымдастығының мерейтойлық X отырысында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев маңызды баяндама жасап, елдегі құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы жаңа қадамдармен бөлісті.
Ол өз сөзінде адам мен оның құқығы – мемлекеттің басты құндылығы екенін атап өтті:
«Адам құқықтары әр азаматқа тиесілі. Біздің міндетіміз – бұл құқықтардың барлығы үшін нақты әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету», – деді Омбудсмен.
Артур Ластаев атап өткендей, 2022 жылғы конституциялық реформа еліміздегі құқық қорғау институтының мәртебесін айтарлықтай күшейтті. Өңірлік өкілдердің қызметі азаматтарға өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін жақындатты. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда уәкілге келіп түскен өтініштердің саны төрт есеге жуық артқан: егер 2021 жылы 1 855 өтініш тіркелсе, 2025 жылдың тоғыз айында олардың саны 7 200-ден асты. Оның жартысына жуығы ауыл тұрғындарынан түскен.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаптаудың алдын алу және құқықтық ағарту бағыттарында да оң өзгерістер бар екенін айтты. Бұрын Ұлттық алдын алу тетігі аясында ауылдық мекемелерде жыл сайын шамамен 400 тексеріс жүргізілсе, бүгінде өңірлік өкілдер қосымша 700-ден астам сапар жасап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға нақты үлес қосып келеді.
Құқықтық мәдениетті арттыру бойынша да ауқымды жұмыс атқарылған: 2021 жылы небәрі 145 іс-шара өткізілсе, биыл олардың саны 1 300-ден асып, 300 мыңнан астам адамды қамтыды.
Омбудсмен өңірлік сарапшылар кеңестері мен жастар комиссиясының белсенділігін де ерекше атап өтті. Бұл құрылымдар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамды адам құқықтарын қорғау ісіне жұмылдыруда.