
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Мәскеуге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығына барды.
Сапар барысында Омбудсмен орталықта ұсталып отырған Қазақстан Республикасы азаматтарымен кездесті және олардың жағдайымен танысты.
Кездесу кезінде Уәкіл азаматтардың өтініштерін тыңдап, құқықтық рәсімдерге қатысты жекелеген мәселелерді нақтылады. Сонымен қатар, ол орталық әкімшілігінің өкілдерімен шетел азаматтарының құқықтарының сақталуына қатысты мәселелерді, соның ішінде медициналық көмекке қолжетімділік, тамақтану және тұрмыс жағдайларын талқылады.
Айта кетсек, Шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығы 2015 жылы ашылған және Ресей ІІМ жүйесіндегі шетел азаматтарын әкімшілік қамауда ұстауға немесе депортацияны күту кезеңінде орналастыруға арналған мамандандырылған мекеме болып табылады.