Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (БДИПЧ) Адам өлшемі жөніндегі конференциясы аясында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында сайд-ивент өткізді.
Омбудсмен аталмыш шара барысында Қазақстанда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен заңнамалық өзгерістер туралы айтып өтті.
Артур Ластаевтың айтуынша, еліміз әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық құжаттарға қосылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып жеке заң қабылдады.
Қазіргі таңда бұл салада бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілген. Атап айтқанда, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу әрекеттері қайтадан қылмыстық жауапкершілікке жатады, ал кәмелетке толмағандарға қатысты немесе қайталанған зорлық жағдайында татуласу мүмкіндігі алынып тасталды.
Сондай-ақ жыныстық сипаттағы әрекеттерге итермелеу, өз-өзіне қол жұмсауға себеп болу және неке қиюға мәжбүрлеу үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Кәмелетке толмағанды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.
Адам ұрлау мен заңсыз бостандықтан айыру үшін де жаза күшейтілді – енді бұл қылмыстар үшін тиісінше 15 және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, неке қиюға мәжбүрлеу әрекеті үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, ең жоғары жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Омбудсмен атап өткендей, бұл шаралар профилактика мен қатаң жазалау тетіктерін үйлестіріп, қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Ресми статистика да оң нәтижені көрсетеді:
отбасылық кісі өлтірулердің саны 32%, ауыр дене жарақаты 17%, орташа жарақаттар 11% қысқарған.
Бұл өзгерістер зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдату, қорғау нұсқамаларын қолдану және отбасылық мәдениеттегі сана-сезімнің артуымен байланысты.
«Бүгінде әкімшілік істердің көбеюі — қоғамның үнсіз қалмауға, отбасындағы жанжалдарды ерте кезеңде шешуге деген ұмтылысының көрінісі дей аламыз. Ең бастысы – тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдамау мәдениеті орнығып келеді», – деді Артур Ластаев.
Оның айтуынша, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері үнемі адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттың бақылауында болады.