Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Варшавада өткен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (БДИПЧ) Адам өлшемі жөніндегі конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Шара төзімділік, кемсітушілікке жол бермеу және гендерлік теңдік тақырыптарына арналды.
Омбудсмен өз баяндамасында Қазақстанның әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Артур Ластаевтың айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%, ал басшылық лауазымдардағы әйелдердің саны 39% құрайды. Сондай-ақ әйелдерге тыйым салынған мамандықтар тізімінің жойылуы мен партиялық сайлау тізімдеріне 30%-дық квота енгізілуі олардың кәсіби және саяси белсенділігін арттырды.
Уәкіл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы нақты нәтижелерге де тоқталды. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу әрекеттері қайтадан қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды, елде «Цифрлық отбасы картасы» жобасы іске қосылып, дағдарыс және отбасылық қолдау орталықтары зардап шеккендерге көмек көрсетіп келеді.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың тоғыз айында отбасылық кісі өлтірулер 32%, ал ауыр дене жарақаты жағдайлары 17% азайған.
«Қазақстан отбасындағы және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеу қағидатын ұстанады», — деді Артур Ластаев.
Сөз соңында Омбудсмен зорлық-зомбылық пен кемсітушілікпен күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, тәжірибе алмасу мен нақты іс-қимыл шараларын күшейтудің қажеттігін айтты.