Омбудсмен: Жаңа технологиялар жағдайында тұлғаның негізгі құқықтары қорғалуы тиіс

Омбудсмен: Жаңа технологиялар жағдайында тұлғаның негізгі құқықтары қорғалуы тиіс

2 қазан күні Еуропа Кеңесі мен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты бірлесіп ұйымдастырған «Цифрландыру және адам құқықтары: сын-қатерлер, тәуекелдер мен шешімдер» атты дөңгелек үстел өтті.

Құттықтау сөзінде Омбудсмен Артур Ластаев цифрлық технологиялардың дамуына тоқталып, жаңа жағдайларда құқықтарды қорғау тәсілдерін қайта қараудың маңыздылығын атап өтті.

«Аналогтық кезеңде қалыптасқан қорғау құралдары қазіргі цифрлық ортада көбіне әлсіздік танытады. Сондықтан жаңа сын-қатерлерге дер кезінде жауап беру үшін тиімді механизмдер ойлап табуымыз қажет. Ең алдымен цифрлық кеңістікті бақылап, қауіп-қатерді ертерек анықтау маңызды. Сонымен қатар, бұл орайдағы басты міндет - халықтың, әсіресе, әлеуметтік осал топтар мен шалғай өңір тұрғындарының цифрлық сауатын арттыру.

Онлайн кеңістікте белсенді азаматтар да кибербуллинг, түрлі манипуляциялар, жеке мінез-құлықты толық бақылау сияқты жаңа қауіптермен бетпе-бет келеді. Сол себепті барлығымыздың ортақ мақсатымыз – цифрлану жағдайында адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау», – деді Артур Ластаев.

Дөңгелек үстел жұмысына Уәкіл жанындағы Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің, Ғылыми және Жастар комиссиясының мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және құқыққорғау құрылымдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар цифрлық трансформация дәуірінде адам құқықтарын қорғау мәселелерін, құқықтық тетіктерді жаңа технологиялар дәуіріне бейімдеу қажеттілігін және халықаралық стандарттарды ұлттық тәжірибеге енгізу жолдарын талқылады.

Бұл дөңгелек үстел цифрлық дәуірде адам құқықтарын қамтамасыз етудің тұрақты тәсілдерін қалыптастыруға арналған маңызды сараптамалық алаңға айналып, Омбудсмен институты, сарапшылар қауымдастығы мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етті.