1 қазан күні «КМГ Инжиниринг» ЖШС алаңында Еуропа Кеңесі мен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты бірлесіп ақпараттық-оқыту дәрісін ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өз құттықтау сөзінде бизнес құрылымдарымен серіктестікті кеңейтудің, адам құқықтарын сақтау мен дамытуға атсалысудың ерекше маңызын атап өтті.
Оның сөзінше, «корпоративтік ортада құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейде болуы және адам құқықтарының қатаң сақталуы қажет».
«Адам құқықтары – абстрактілі ұғым емес, ол – білім алуға, еңбек етуге, өз ойыңды ашық айтуға берілетін нақты мүмкіндік», – деді Артур Ластаев.
Сонымен қатар, дәріс аясында Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық төрағасының орынбасары Анвар Сабиров, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың заңгері Дмитро Третяков, Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары, әділет және құқықтық ынтымақтастық стандарттарын іске асыру департаментінің бөлім басшысы Конуль Гасымова өздерінің баяндамаларын оқыды.
Кездесу барысында цифрлық трансформация дәуірінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа сын-қатерлері, жеке деректерді өңдеудің құқықтық негіздері, жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелерді қолдану тәжірибесі, сондай-ақ халықаралық деңгейде құқыққорғау стандарттарын цифрлық ортаға бейімдеу мәселелері талқыланды.