Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері Еуропа Кеңесі мен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған екі күндік оқыту семинарына қатысты.
Аталмыш іс-шара 29–30 қыркүйек күндері Уәкіл мен оның аппаратының институционалдық әлеуетін нығайту жобасы аясында өтті. Семинардың тақырыбы – адам құқықтарының бұзылуына қатысты жеке шағымдарды қарау болды.
Қатысушылар бұл саладағы халықаралық стандарттарды, шағымдарды жіктеу мен бағалау тәсілдерін, тергеу және мониторинг тетіктерін, сондай-ақ әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеу ерекшеліктерін зерделеді.
Бағдарлама теориялық сессияларды да, топтық практикалық тапсырмаларды да қамтыды. Орталық қызметкерлері шағымдарды талдау, қорытынды дайындау және мониторингтік есептер әзірлеу дағдыларын жетілдірді.
Семинар Еуропа Кеңесінің үздік тәжірибелерін енгізу және Қазақстандағы ұлттық құқық қорғау тетігін нығайтуға бағытталған күш-жігердің бір бөлігі болды.