Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен өткен жылдан бастап «құқықтық сағат» форматында ауқымды жоба іске асырылуда.
Ақмола облысы әкімдігінің, Білім басқармасының және Полиция департаментінің қолдауымен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі интерактивті форматта 518 мектеп пен 28 колледждің оқушылары және студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға барлығы 40 мың кәмелетке толмағандар мен жастар қатысты.
Іс-шараны аша отырып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнара Жанбекова құқықтарыңды білу – бұл қорған, ал міндеттеріңді түсіну – бұл жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген құқық бұзушылық туралы ақпарат ведомстволық дерекқорларда сақталады және болашақта жұмысқа орналасуға, мансаптық өсуге әсер етуі мүмкін.
Іс-шара барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын спикерлерге қою мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда: құқықтар мен міндеттер туралы; қандай жағдайларда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туындайды; тұрмыста және көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері; киберқауіпсіздік және цифрлық сауаттылық; қаржы пирамидаларына қатысудың қаупі; құқықтары бұзылған жағдайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қалай жүгінуге болады.
Бұл кездесуде жасөспірімдердің құқық бұзуға бару себептері мен жағдайлары, топтық төбелестер мен бопсалау әрекеттері үшін заңды салдарлар, сондай-ақ интернет-алаяқтық тақырыптары қозғалды. Сондай-ақ, әлемде миллиондаған адамның өмірін құртып жатқан нашақорлық мәселесі де сөз болды.
Кездесуге қатысқан спикерлер қатарында: Полиция департаментінің, Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері, Денсаулық сақтау басқармасының, Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері болды.
«Құқықтық сағат» бастамасы қатысушылар тарапынан үлкен қолдау тапты. Сондықтан мұндай жаңартылған форматтағы кездесулерді тоқсанына бір рет өткізу жоспарланып отыр.