Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері Алматы облысы, Заречный ауылында орналасқан ҚР ІІМ ҚАЖК орташа қауіпсіздік деңгейіндегі №57 мекемесіне барды. Бұл мекемеде алғаш рет бас бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтеп жатыр.
Орталық басшысының орынбасары Ж.К. Бақашбаев пен Омбудсменнің өңірлік өкілі М.Ж. Мағжанов отрядтардың, оның ішінде қатаң ұстау жағдайларындағы бөлмелер мен тәртіптік изолятордың жай-күйімен танысты.
Сапар барысында сотталғандардың тұрғын үй, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай ұсталуы және медициналық қызметтермен қамтамасыз етілуі бойынша мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар, сотталған азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріліп, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өкілінің құзыреттері түсіндірілді.
Мониторинг қорытындысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық жағдайды жақсарту, шағым беруге арналған терминалдардың жұмысын қамтамасыз ету, медициналық көмекті жетілдіру бойынша ұсынымдар берілді.
Жабық мекемелерге мониторингтік сапарлар азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алуға, сондай-ақ ондағы ұстау жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.