Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Петропавл қаласына жұмыс сапары барысында әйелдерге арналған №50 мекемеде болды.
Сапардың мақсаты – сотталғандардың құқықтарының сақталуын және олардың ұсталуының жағдайын халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеру.
Визит аясында Омбудсмен тамақтану мен медициналық қызмет көрсету жүйесінің ұйымдастырылуымен, еңбекке тарту жағдайымен және сотталғандардың шағымдарын қабылдайтын электронды терминалдардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ мекемеде жұмыс істейтін кәсіпорындарды – балық өңдеу, тігін және наубайхана цехтарын аралап көрді.
Сонымен қатар мекеме жанындағы колледждің қызметімен танысты. Биыл бұл оқу орнында 68 сотталған бес мамандық бойынша диплом алып шықты.
Артур Ластаев жеке қабылдау өткізіп, жазасын өтеушілердің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу және жазаны жеңіл түрлеріне ауыстыру тәртібі туралы сұрақтарына жауап берді. Ол 1 шілдеден бастап енгізілген заңнамалық өзгерістерге тоқталып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңның ережелерін түсіндірді.
Сапар қорытындысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекеме әкімшілігіне сотталғандарды ұстау жағдайларын халықаралық талаптарға сәйкестендіру жөнінде бірқатар ұсынымдар берді.