12 қыркүйекте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты ұйымдастырған «Бейбітшілік және болашақ – құқық арқылы» атты Халықаралық конституциялық әділет форумына қатысты.
Құттықтау сөзінде ол Конституцияның ерекше, қос қырлы табиғатына тоқталды: Негізгі заң мемлекеттің құрылымдық қағидаттарын да, қоғамның әлеуметтік үміттерін де бейнелейді.
«Осы қос қырлылық Конституцияға жай ғана ең жоғары заңдық күшке ие құқықтық акт болудан бөлек, халықтың ұжымдық еркін білдіретін, мемлекеттің құрылымдық қағидаттары мен қоғамның әлеуметтік үмітін айқындайтын құжат болуға мүмкіндік береді», – деді Омбудсмен.
Құқық арқылы болашаққа көз жүгірткен ол бүгінде әңгіме тек конституциялық құндылықтарды сақтау ғана емес, оларды одан әрі дамыту жайында екенін атап өтті.
Осы ретте Артур Ластаев Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауына да тоқталып өтті. Жолдауда мемлекеттік басқаруды жаңғырту бастамаларының бірі ретінде Парламенттің бір палаталы үлгісіне көшу ұсынылды. Артур Ластаевтың пікірінше, бұл елдің конституциялық дамуының қарқынын және құқықтық мемлекеттің ең тиімді моделін іздеудің айқын көрінісі болып қала бермек.