Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының міндетін атқарушы Берік Жақаев дәстүрлі Педагогтердің республикалық тамыз саммитінің панельдік секциясында сөз сөйлеп, «Ұлттық превентивтік тетік ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған ұйымдардағы құқықтарды қорғау құралы ретінде» тақырыбы бойынша баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, Ұлттық превентивтік тетіктің (ҰПТ) мүшелері тарапынан балаларға арналған мекемелерге бару – бала құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған тәуелсіз мониторингтің маңызды бөлігі болып табылады.
Қазіргі таңда ҰПТ Білім беру министрлігіне қарасты 183 мекемені қамтиды. Олардың қатарында 86 мектеп-интернат, 35 балаларды қолдау орталығы, 10 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы және 15 балалар ауылы бар.
Соңғы 10 жыл ішінде ҰПТ аясында балаларға арналған жабық мекемелерге 685 рет мониторинг жүргізіліп, 3 мыңнан астам ұсыным енгізілді.
Берік Жақаев атап өткендей, балалардың құқықтарын сақтау және қатыгездікке жол бермеу бағытындағы ортақ мақсатқа жету үшін ҰПТ мен Омбудсмен кеңсесі білім беру ұйымдарымен өзара тығыз байланыс орнатып, анықталған проблемаларды талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесіп әзірлеп келеді.
Биыл Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынымдары негізінде жергілікті атқарушы органдар ҰПТ аралауы барысында анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі жол картасын бекітті. Құжатта интернаттық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары да көзделген.