Іссапар аясында Адам құқықтары институтының қызметкерлері Ақтөбе қалалық білім басқармасына қарасты «Мейірім» әлеуметтік бейімделу орталығына барды.
Сапардың басты мақсаты – қызмет алушылардың өмір сүру жағдайлары мен құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу.
Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың өкілдері орталық аумағын: тұрғын үй жайларын, әкімшілік ғимараттарды, спорт алаңын және техникалық аймақтарды аралап көрді.
Оған қоса, түлектердің өмір сүру жағдайына, қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ олардың әлеуметтік, тұрмыстық және еңбекке бейімделуіне арналған инфрақұрылымның жай-күйіне аса назар аударылды.
Түлектерге арналған уақытша тұру орталығы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Орталықтың қызметі жастарды өз бетінше өмір сүруге бейімдеуге бағытталған. Мұнда өмір сүруге, кәсіби дағдылар алуға, медициналық және әлеуметтік көмек алуға барлық жағдай жасалған. Бұл жас түлектердің қоғамға, еңбек нарығына және елдің мәдени өміріне сәтті бейімделуіне үлкен септігін тигізеді.