Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бірінші жартыжылдықты қорытындылады

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бірінші жартыжылдықты қорытындылады

Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіл Артур Ластаев 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларына арналған кеңес өткізді. Бұл жиынға уәкілетті өкіл өз кеңсесі мен аймақтық кеңсе өкілдерін жинады.

Азаматтардан келіп түскен өтініштер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39%-ға өсіп, 4 300-ден асты. Шағымдардың көбі сотталғандардың құқықтарының бұзылуы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының әрекеттері және сот шешімдерімен келіспеу мәселелеріне қатысты болды.

Азаматтардың сауалдарына жауап беру, өтініштерін қанағаттандыру бойынша Шымкент қаласы, Ақтөбе және Жетісу облыстарындағы Уәкілетті өкіл өкілдіктері алдыңғы қатардан көрінді. Қаралған өтініштер нәтижесінде 32 тұлға тәртіптік, 2 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 1 қылмыстық іс тіркелген. Уәкілетті органдарға 67 ұсыным хат жолданды.

Есептік кезеңде Уәкілетті өкілдің аймақтардағы өкілдері 315 мекемеге барып, бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Атап айтқанда, медициналық қызметтердің шектеулі болуы, санитарлық жағдайдың нашарлығы, ғимараттарды жөндеу қажеттілігі, электронды өтініш беру жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және сотталғандарды жұмыспен қамту мәселелері өзекті күйінде қалып отыр.

Тексеру нәтижесінде 924 ұсыным беріліп, оның 605-і орындалды. 169 қызметкер тәртіптік, 41 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2 қылмыстық іс қозғалды.

Кеңес барысында өкілдердің жұмысының тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және жастармен, сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері талқыланды. Артур Ластаев өтініштерді сапалы қарау, заңнамалық бастамаларды әзірлеу, мониторинг нысандарын кеңейту және азаматтық қоғаммен жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.