Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атына бірқатар ұсыныстарды қамтитын хат жолдады. Құжатта шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаны ауыстыру және әйелдердің жазаны өтеу жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар қамтылған.
Бұл ұсыныстар Омбудсмен жанындағы Сараптамалық кеңес пен Ғылыми комиссия аясында азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдарды, құқық қорғаушылар және беделді ғалымдарды тарта отырып әзірленді.
Ұсыныста бірқатар маңызды мәселелер қозғалған: белгілі бір міндеттемелерді өз мойнына алған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаны жеңілдету шараларын қолдану, балалары бар әйелдерге пробациялық бақылау мерзімін қайта ұзарту мүмкіндігі, мүгедек немесе ауыр созылмалы ауруы бар балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерге жазаны өтеуді кейінге қалдыру, оларға қосымша телефонмен сөйлесу уақыты мен мекемеден тыс жерге қосымша шығу құқығын беру, салынған тәртіптік жаза мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі және басқа да маңызды бастамалар.
Өз хатында Омбудсмен ұсыныстарды іске асыру сотталған азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды екенін атап өтті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Уәкілдің ұсынымы бір ай ішінде қаралуы тиіс.