Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталыққа Алматы облысы, Қаскелең қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған үш баласына туу туралы куәлік рәсімдеуге жәрдемдесуін сұрап жүгінді.
Өтініш берушінің айтуынша, ол - Түркістан облысында 2015, 2018 және 2021 жылдары дүниеге келген үш баланың биологиялық әкесі. Балалардың анасы — Өзбекстан Республикасының тумасы.
Әр түрлі мекемелерге жолданған өтініштер ұзақ уақыт бойы оң нәтиже бермеген, ал заңгерлер бұл мәселе бойынша нақты көмек көрсете алмаған.
Осы өтінішті қарау аясында және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдіктің Алматы және Жетісу облыстары бойынша өкілі Қанат Қарымсақовтың қабылдаған шаралары нәтижесінде балалардың құжаттары рәсімделді.
Рәсімделген туу туралы куәліктер оларға биылғы жылдың күзінде тұрғылықты жері бойынша мектепке баруға мүмкіндік береді.