ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Омбудсмен жанындағы Ғылыми комиссияның алғашқы отырысын өткізді.
Комиссия тұрақты жұмыс істейтін консультативтік орган ретінде құрылды. Оның құрамына адам құқықтары, медицина, әлеуметтану және халықаралық құқық салаларындағы заңгерлер, оқытушылар, зерттеушілер мен практиктер сынды ғылыми қауымдастықтың беделді өкілдері енді.
Омбудсмен бұған дейін адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер негізінен практиктер, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралған Үйлестіру және Сараптамалық кеңестер аясында қаралғанын атап өтті.
Ғылыми комиссияның құрылуы осы мәселелерді ғылыми тұрғыда зерделеуге мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, тәжірибе, қоғам және ғылымнан тұратын өзіндік үштаған қалыптасты. Мұндай ұстаным өзекті мәселелерді жан-жақты әрі сапалы қарастыруға жол ашады.
Отырыс барысында шартты түрде мерзімінен бұрын босату және тағайындалған жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру аспектілері, әйелдерді бас бостандығынан айыру орындарында ұстау жағдайларын жақсарту, сондай-ақ пенитенциарлық тақырыпқа арналған ғылыми монография жобасы талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған тәсілдерді қолдап, оларды одан әрі пысықтау жөніндегі келесі қадамдарды айқындады.