Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысының Долинка кентінде орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары №30 мекемеде болды.
Сапар мақсаты – сотталғандардың құқықтарының сақталуын және оларды ұстау жағдайларының халықаралық актілерде бекітілген ең төменгі стандарттарға сәйкестігін тексеру.
Омбудсмен тарапынан кешенді мониторинг жүргізіліп, оның шеңберінде сотталғандардың тамақтану сапасы, медициналық көмек көрсетілуі және еңбекпен қамтылуы қаралды.
Сондай-ақ сапар барысында Артур Ластаев сотталғандардың жасақтардағы тұрмыс жағдайымен, шағым беруге арналған терминалдардың жұмысымен және мекеме аумағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Мекеме әкімшілігінің хабарлауынша, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында бизнес өкілдерін тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Бұдан бөлек, мекеме аумағында автослесарьлар мен дәнекерлеушілерді даярлайтын колледж жұмыс істейді, онда 23 сотталған білім алуда.
Сапар аясында Омбудсмен сотталғандарды жеке қабылдап, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңіл түрге ауыстыру мәселелері бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, ол 1 шілдеден бастап үкімдерді қайта қарауға арналған жаппай кассациялық тәртіп енгізілгенін түсіндірді. Сондай-ақ Уәкіл Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойғанын еске салды.
Сапар қорытындысы бойынша мекеме әкімшілігіне сотталғандарды ұстау жағдайларын халықаралық жазаны өтеу қағидаларына сәйкестендіруге бағытталған ұсынымдар берілді.