
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бұйрығымен жастардың құқықтарын қорғау жөніндегі «Еркіндік рухы» комиссиясы құрылды.
Жаңа консультативтік-кеңесші орган қоғамдық негізде жұмыс істейді және жастардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне баса назар аударады.
Комиссияның негізгі мақсаттары ретінде – жастардың құқық қорғау күн тәртібіне назар аударту, жастарды құқық қорғау қызметіне тарту, құқықтық сауаттылықты арттыру және медиа мен онлайн кеңістікте ақпараттық белсенділікті күшейту болып айқындалды.
Комиссия құрамына 18 бен 35 жас аралығындағы 45 адам кірді. Олардың қатарында – өңірлік және астаналық жоғары оқу орындарының жас заңгерлері, зерттеушілер, студенттері, аналитика мектебінің түлектері мен ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылық клубтың мүшелері, республикалық студенттік «АСК» қозғалысының өкілдері, студенттік омбудсмендер, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері және Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңесшісі бар.
«Еркіндік рухы» комиссиясы жастардың құқықтарын қорғау бойынша диалог, бастамалар мен ұсыныстар алаңына айналады, елдің түкпір-түкпірінен белсенді әрі бейжай қарамайтын жас азаматтарды түрлі салалардан біріктіретін платформа болмақ.