Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Еуропа Кеңесі Астанада өткен кездесу барысында «Омбудсмен кеңсесінің институционалдық әлеуетін нығайту» жобасын іске қосты.
Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Сыртқы істер министрлігінің, басқа да мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ азаматтық және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Құттықтау сөзінде Артур Ластаев бұл жобаның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Ол Еуропа Кеңесі мен өзге де серіктестердің құқық қорғау тетіктерін дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, алға қойылған бастамалардың табысты іске асатынына сенім білдірді.
Уәкіл Қазақстанда адам құқықтарын қорғау институты жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқанын және оның консультативтік құрылымнан қолданбалы өкілеттіктері бар конституциялық органға дейінгі елеулі трансформациядан өткенін еске салды.
«Уәкіл туралы» жеке Конституциялық заң өкілеттікті едәуір кеңейтіп, оның тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығына кепілдіктерді бекітті. Бұл Омбудсмен институтының қоғам мен мемлекет арасындағы тәуелсіз делдал ретіндегі маңыздылығын айқындайды», – деді ол.
Сонымен қатар, А. Ластаев Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, азаптаудың алдын алу, кемсітушілікке қарсы іс-қимыл, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, адам саудасы және осал топтардың құқықтарын қорғау сияқты сезімтал салаларға ерекше көңіл бөлінуде.
«Бүгін іске қосып отырған жоба құқық қорғау институтының әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған. Ол біздің жұмысымызды озық халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қайта құруға мүмкіндік береді, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға ықпал етіп, сайып келгенде, азаматтардың мүдделерін тиімді қорғауға жол ашады», – деп атап өтті спикер.
Іс-шара барысында Еуропа Кеңесінің өкілдері Лиля Гретарсдоттир мен Конул Гасимова сөз сөйлеп, жобаның мақсаттары, негізгі құрамдас бөліктері мен күтілетін нәтижелері туралы баяндама жасады. Халықаралық консультант Тугче Дуйгу адам құқықтарын қорғау саласындағы жаһандық жетістіктер мен сын-қатерлерге арналған шолуын ұсынды.
Азаматтық қоғам мен сараптамалық қауымдастықтардың құқық қорғау жүйесін дамытудағы рөлі туралы Уәкіл жанындағы Сараптамалық кеңес мүшесі Серік Беркамалов пен заң ғылымдарының PhD докторы, профессор Муслим Хасенов сөз сөйлеп, құқық қорғау саласындағы негізгі үрдістерге талдау жасады.
Кездесу соңында қатысушылар жобаның негізгі аспектілері бойынша пікір алмасып, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.