Омбудсмен ғылым мен практиканың күшін біріктірудің Қазақстандағы құқық қорғау ісі үшін неге шешуші маңызға ие екенін түсіндірді

Омбудсмен ғылым мен практиканың күшін біріктірудің Қазақстандағы құқық қорғау ісі үшін неге шешуші маңызға ие екенін түсіндірді

Омбудсмен қылмыстық және әкімшілік заңнаманың 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Астана халықаралық университеті ұйымдастырған «ҚР Қылмыстық кодексi, Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық-атқару кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 10 жылдығы: қорытындылар, құқық қолдану тәжірибесі және даму келешегі» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Құттықтау сөзінде Уәкіл форумды елдің құқықтық жүйесін дамыту жолындағы маңызды белестерді саралап, келешекке нақты бағдар жасауға мүмкіндік беретін мазмұнды диалог алаңы ретінде бағалады.

«Біз бүгін Қазақстанның қылмыстық және әкімшілік саясатын айқындайтын негізгі кодекстердің күшіне енгеніне он жыл толған кезеңде бас қосып отырмыз. Бұл – қол жеткізілген нәтижелерді саралап, заңнаманы одан әрі жетілдіру жолдарын белгілеуге арналған маңызды мүмкіндік», – деді Ластаев.

Сондай-ақ, Омбудсмен қылмыстық және әкімшілік заңнама барлық кезеңде – сотқа дейінгі тергеуден бастап жазаны орындауға дейін – адам құқықтарын қорғау міндетімен тығыз байланыста болуы қажет екенін атап өтті. Уәкіл кеңсесіне келіп түскен өтініштерді талдау азаматтардың дәл осы мәселелерге айрықша назар аударатынын көрсетеді.

Мәселен, 2024 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесіне 6 748 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 1 458-і – сотқа дейінгі тергеу мәселелеріне, 1 181-і – сотталғандардың құқықтарының бұзылуына, ал 1 036-сы – сот актілерімен келіспеуге қатысты болған.

«Бұл деректер адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырудың, сондай-ақ әділеттілік пен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігінің маңыздылығын көрсетеді», – деп атап өтті спикер.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл заңнаманы әзірлеуде ғылыми тәсілдің маңыздылығына ерекше назар аударды. Ол тек ғылыми тұрғыдан терең пысықталған нормалар ғана шынайы өмірде тиімді жұмыс істей алатынын атап өтті.

Анықтама үшін: 2024–2025 жылдары Омбудсмен институты тарапынан кемсітушілікке қарсы іс-қимыл, қамаудағыларды, оның ішінде әйелдерді медициналық қамтамасыз ету, азаптаулардың алдын алу, пенитенциарлық жүйеге халықаралық стандарттарды енгізу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілген.

Бұл зерттеулердің нәтижелері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру және Сараптамалық кеңестердің отырыстарында талқыланды. Олардың негізінде арнайы баяндама мен ғылыми монографиялар дайындалып, құзыретті мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолданды.

Қазіргі уақытта шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру институттарын қолдану, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүліктік құқықтарын қорғау мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілуде.

«Бүгінгі конференция – ғылым мен практиканың әлеуетін ұштастыра отырып, әрбір азаматтың ар-намысы мен құқықтарын құрметтеу және қорғау жолындағы ортақ мақсатқа жетуге жасалған маңызды қадам», – деп түйіндеді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл. Ол қатысушыларға мазмұнды әрі нәтижелі жұмыс тіледі.