Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдерді ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемесіне барды.
Сапар аясында Омбудсмен сотталғандарды ұстау жағдайларына, еңбекпен қамтылуына, медициналық қызметтің көрсетілуіне және білім беру бағдарламаларының ұйымдастырылуына мониторинг жүргізді.
Мекеменің өндірістік аумағында тігін өндірісі мен нан өнімдерін дайындауға маманданған «Еңбек–Қарағанды» РМК филиалы орналасқан. Барлығы 178 сотталған ақылы еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар, мекеме аумағында сувенирлік бұйымдар шығаратын және арнайы киім тігетін шағын және орта бизнеске тиесілі екі өндірістік нысан жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар 56 сотталған әйелді жұмыспен қамтып отыр.
Мекемеде білім беру процесі Қарағанды облысы білім басқармасының «№2 колледжі» КММ базасында жүргізіледі. Қазіргі уақытта 25 сотталған «тігінші» және өзге де бағыттар бойынша білім алуда.
Сапар барысында Артур Ластаев сотталғандармен жеке қабылдау өткізіп, амнистияны дайындау, құқықтық реттеу, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны жеңіл түріне ауыстыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сапар қорытындысында Омбудсмен еңбек және білім беру бағытындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ұстау жағдайларын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыным берді.