2025 жылға арналған Шоғырландырылған баяндаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

2025 жылға арналған Шоғырландырылған баяндаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесінде 2025 жылға арналған жабық мекемелерге алдын ала бару нәтижелері бойынша Шоғырландырылған баяндаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер, сондай-ақ Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қатысушыларының есептері негізінде баяндаманың бөлімдерін әзірлеуге жауапты Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.

Отырысты аша отырып, Артур Ластаев 2024 жылға арналған Шоғырландырылған баяндаманы сапалы дайындағаны үшін қатысушыларға алғыс білдіріп, оның уақытылы әзірленіп, жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті.

Жыл сайынғы Шоғырландырылған баяндама Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесімен ҰАТ қатысушыларының есептері негізінде дайындалады. Баяндамада жабық мекемелерде ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың алдын алу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға арналған ұсынымдар, сондай-ақ заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар қамтылады. Бұл құжат құзыретті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауға қарсы комитетіне жолданады.

Отырыс барысында қатысушылар 2025 жылға арналған жаңа баяндаманы әзірлеу барысын талқылап, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижелерін ұсынды. Ұлттық алдын алу тетігінің мониторингтік топтары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне, тергеу изоляторларына, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК-нің арнайы мекемелеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдарына барды. Бірінші тоқсан ішінде 100-ден астам мекемеге алдын ала бару жүргізіліп, олардың нәтижелері Шоғырландырылған баяндаманың негізіне айналмақ.

Баяндаманың мерзімінде дайындалуын қамтамасыз ету және оның талдамалық бөлігінің сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Құжатты әзірлеу жұмысына үйлестіру жүргізіп отырған Раиса Шер жұмыс топтарының міндеттеріне, сондай-ақ баяндаманың ресімделуі мен мазмұнына қойылатын талаптарға да тоқталды.